Қазақстан мен Бразилия СІМ басшылары Астанада келіссөз өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилия Сыртқы істер министрі Мауро Виейра ресми сапармен Астанаға келді. Сапар аясында Қазақстан мен Бразилияның сыртқы саяси ведомство басшылары келіссөз жүргізді.

о
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Кеңейтілген құрамдағы кездесуде тараптар екіжақты қатынастардың негізгі бағыттар бойынша дамып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Астананың Бразилияны маңызды серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын айтты.

– Биыл елдеріміз дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуын атап өтеді. Осы уақыт ішінде саяси диалогты нығайтуға, сауда мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға тұрақты ұмтылыс қалыптасты. Біз екіжақты және институционалдық әріптестікті одан әрі тереңдетуіміз керек, – деді Ермек Көшербаев.

Министр Бразилия президентінің Қазақстанға соңғы ресми сапарынан бері 17 жыл өткенін де атап өтті.

– Біз Президент Луланы Қазақстанда қарсы алуға мүдделіміз. Соңғы жылдары парламентаралық байланыстар да жанданды. Бразилия парламентінің өкілдері Астанаға келіп, достық топтарының кездесулеріне қатысты, – деді ол.

Сонымен қатар Ермек Көшербаев екі ел бизнес өкілдері экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылайды деген үміт білдірді.

Өз кезегінде Мауро Виейра Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силваның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілегін жолдағанын және екіжақты қатынасты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

– Мұнда болып, өзара қызығушылық тудыратын мәселелерді талқылау мен үшін үлкен мәртебе. Бізді географиялық тұрғыда үлкен қашықтық бөліп тұрғанымен, Қазақстанмен және жалпы Орталық Азиямен сауда, саясат және мәдениет салаларындағы байланыстарды нығайтқымыз келеді, – деді Мауро Виейра.

Оның айтуынша, Бразилия Қазақстаннан тыңайтқыш импортын ұлғайтуға және аграрлық сектордағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып отыр.

– Бразилия – ірі ауыл шаруашылығы өндірушісі. Біз бұл бағыттағы ынтымақтастықты, сондай-ақ жануар ақуызы мен өзге де сауда салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейткіміз келеді, – деді министр.

Мауро Виейра Қазақстанға мұнай саласындағы ірі бразилиялық компаниялардың өкілдері кірген жеке сектор делегациясы да келгенін хабарлады.

Айта кетейік, Бразилия Латын Америкасы және Кариб бассейні елдері арасында Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналады. Екі ел арасындағы тауар айналымы бүгінде 296 млн долларды құрайды.

Еске салайық, Вашингтонда «Қарағанды – Жезқазған» автожолының жобасы бойынша келісімге қол қойылды.