Қазақстан мен БҰҰ ДБ: орнықты даму және тиімді басқару бағытындағы серіктестік
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Өңірлік экологиялық саммит алаңында БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) әкімшісінің орынбасары Хаолян Шумен кездесті. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.
Серік Жұманғарин БҰҰДБ Қазақстанның орнықты дамуды, институционалдық реформаларды және өңірлік саясатты ілгерілетудегі негізгі әріптесінің бірі болып қала беретінін атап өтті.
— Қазіргі уақытта біз өңірлік дамуға, «жасыл» трансформацияға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған БҰҰДБ-ның 2021–2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасын бірлесіп іске асырып жатырмыз, — деп атап өтті ол.

Өз тарапынан Хаолян Шу Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Ол сондай-ақ БҰҰДБ-ның бастамаларды одан әрі бірлесіп дамытуға дайын екендігін атап өтті. Кездесу барысында қазақстандық тарап өңірлік саясаттың басымдықтарын да атап өтті.

Атап айтқанда, өңірлік стандарттар жүйесіне (ӨСЖ) негізделген жаңа бюджеттік модель өңірлер ішінде әлеуметтік, көліктік инфрақұрылымды дамытудағы теңгерімсіздікті қысқартуға бағытталғаны атап өтілді. ӨСЖ-нің негізгі мақсаты — елді мекендердегі өмір сүру жағдайын теңестіру, әсіресе ауылдық жерде жұмыспен қамтуды арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
Айта кетейік, Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банкпен жаңа инвестициялық жобаларды талқылаған болатын.