Қазақстан мен Чехия заңсыз көші-қонға қарсы бірлесе күреседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

Қазақстан мен Чехия заңсыз көші-қонға қарсы бірлесе күреседі

Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.

Екі мемлекет арасындағы келісім елдердің аумағында кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді.

«Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визасының немесе рұқсат құжатының мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады. Келісімді ратификациялау халықаралық құқыққа сәйкес заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді», - деді ҚР Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко.

Оның айтуынша, Келісім бүгінгі таңда өте өзекті болып табылады. Сонымен қатар, еурокомиссия визасыз режим туралы шешімді қабылдау үшін 28 мемлекет дауыс береді. Сондықтан да, Қазақстанға осындай келісімді Еуроодаққа қатысатын барлық мемлекетпен жасасуға тура келеді.

«Бұдан бөлек, Келісім Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрме тұрғысынан да өзекті. Өйткені, бұл халықаралық шара барысында елімізге шетелдік азаматтар көптеп келе бастайды», - деді вице-министр.

Келісім 2011 жылы 23 ақпанда Прагада жасалған. Құжатты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді.

Заң жобасы палатаның алдағы жалпы отырысына шығарылатн болады.