Қазақстан мен Чехияның сыртқы істер министрлері сауда-өнеркәсіптік салада ынтымақтастықты дамытуға келісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанға ресми сапармен келген Чехия Республикасының сыртқы істер министрі Любомир Заоралекпен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қазақстан мен Чехияның сыртқы істер министрлері сауда-өнеркәсіптік салада ынтымақтастықты дамытуға келісті

Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары машина құрастыру, энергетика, «жасыл экономика», ауыл шаруашылығы, әскери-өнеркәсіптік кешен, білім беру, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың, сонымен қатар Қазақстан - Еуропа одағы және Еуразиялық экономикалық одақ - Еуропа одағы жүйлеренің өзара іс-қимыл жасасудың өзекті мәселелері мен келешегін қарастырды.

Келіссөздер барысында Е. Ыдырысов Чехияны сауда-өнеркәсіптік және инвестициялық салаларда айтарлықтай әлеуеті бар, Қазақстанның сенімді серіктесі және Еуропа одағының маңызды мүшесі екенін атап өтті. Ол Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың артықшылықтары туралы айтып, осы күндері Астана мен Алматыда өтіп жатқан Қазақстан-Чехия бизнес-форумдарындағы Чехияның 30-дан астам іскери орта өкілдерінің қатысуын құптайтынын айтты.

«Біздің ортақ жұмысымыздың басты назарында екі елдің іскери орталары арасындағы тікелей диалог пен серіктестікке белсенді түрде атсалысу болуы керек», - деді Е. Ыдырысов.

Е. Ыдырысов, сондай-ақ, Чехияның қазақстандық туристер мен студенттердің көп баратын бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам адам Чехияның жоғарғы оқу орындарында білім алуда, және шамамен 100 мың қазақстандық турист жыл сайын Чехияға барып қайтады.