Қазақстан мен Черногорияның сауда палаталары меморандум бекітеді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория президенті Яков Милатович кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Кездесуде Яков Милатович Қазақстанға сапары екіжақты дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанына мән берді.
— Былтыр БҰҰ Бас ассамблеясы кезінде болған жемісті пікірталасымыз әлі күнге дейін есімде. Сол кезде менің Қазақстанға сапарым туралы іс жүзінде келісімге келген едік. Бұл сапардың да айрықша символдық мәні бар, өйткені екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр, — деді Президент.
Черногория президенті екі елдің сауда палаталары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылатынын хабарлады.
— Достық рәуіштегі бұл елге ізгі ниетпен келіп отырмын. Бұл — бүгінгі кездесуде жеткізгім келген өте маңызды ойым. Мен мұнда тек делегацияммен келген жоқпын. Черногориядан бірқатар кәсіпкерді ала келдім. Сапардың іскерлік бөлігіне жауапты Экономикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын, — деді Я. Милатович.
Айта кетейік, 18-20 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға ресми сапарлайтынын жазған едік.
Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президенті Яков Милатовичті қарсы алды.
Тараптар жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасын талқылайды.
Еске салсақ, бұған дейін Черногория Қазақстан азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізді.