Қазақстан мен Еуропалық прокуратура қылмыспен күрес жөніндегі келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов Люксембургке жұмыс сапары барысында Еуропалық прокуратурамен және Люксембург прокуратурасымен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар кездесу өткізді.

а
Фото: Бас прокуратура

Сапар аясында Берік Асылов Еуропалық прокуратураның басшысы Лаура Кёвешимен кездесіп, трансұлттық қылмысқа қарсы күрес, халықаралық құқықтық ынтымақтастық, азаматтардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ заңсыз активтерді іздестіру және қайтару мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Еуропалық прокуратура арасында өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды.

«Аталған халықаралық құжат қазақстандық прокуратураның Еуропалық Одақ прокурорларымен тікелей өзара әрекеттесуінің құқықтық негізін қалыптастырады. Ол жедел ақпарат алмасуды, бірлескен тергеу топтарын құруды, қылмыскерлерді экстрадициялау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді іздестіру, оларға тыйым салу және тәркілеу мәселелері бойынша өзара көмек көрсетуді қамтиды», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Сапар барысында Бас прокурор Люксембургтің Бас прокуроры Джон Петримен де кездесті.

Тараптар қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету тетіктерін жетілдіру және прокурорлық қызметтің озық тәжірибелерімен алмасу мәселелерін талқылады.

Кездесу соңында Қазақстан мен Люксембург прокуратуралары өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.