Қазақстан мен Франция арасында құқықтық көмек көрсету тәртібі айқындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі ел арасындағы бұл шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету тәртібін, одан бас тарту негізін, тергеу әрекеттерін жүзеге асыру жолдарын реттейді.

Осы орайда ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев мұндай шарттар қай жағдайларда қажет болатынын түсіндірді.

«Мәселен, қылмыстық іс бойынша күдікті, куәгер немесе жәбірленуші шетелде тұрып жатқан болуы мүмкін. Ал қозғалған іс бойынша олардан жауап алу керек. Еліміздің құқық қорғау органдары өздігінен сол мемлекетке барып, тергеу әрекетін жасай алмайды. Сонымен қатар, қылмыстық істі тергеуге қажет құжаттар, айғақ заттар, қылмыс құралдары немесе басқа да дәлелдемелдер өзге елдің аумағында болуы мүмкін. Оларды өзіміз барып, ала алмаймыз. Сол үшін құқықтық көмек туралы шарттар жасалады. Осындай шарттар тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін сұрау жолдап, куәгерден немесе жәбірленушіден жауап алуға, заттай айғақтарды тәркілеуге мүмкіндік береді», - Ә. Шындалиев.

Осы орайда ол шетелдегі тергеу әрекеттерін сол мемлекеттің заңнамасына сәйкес олардың тергеу органдары жүргізетінін айтты.

«Бұл жағдайда шетелден алынған дәлелдердің заңдылығына қатысты сұрақтар болуы мүмкін. Құқықтық көмек туралы шартта осы мәселе шешіліп отыр. Яғни, басқа елден алған айғақтардың заңдылығы қамтамасыз етіледі», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар