Қазақстан мен Германия арасында өзара сенім бар - Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Германия арасында өзара сенім бар, берік достық қатынас орнаған. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

«Шақыруымды қабыл алғаныңыз үшін шынайы ризашалығымды білдіремін. Бұл сіздің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарыңыз. Біз бұған айрықша мән береміз. Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ықпалдастыстығын жаңа белеске көтереді деп сенемін. Себебі, елдеріміздің арасында өзара сенім бар, берік достық қатынастар орнаған», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент жаңа ғана өткен шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты қарым-қатынасты одан ары нығайту мәселелесі талқыланғанын айтты.

«Сауда, экономика, инвестиция саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аудардық. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Әсіресе, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы байланыстарға тоқталдық. Екіжақты қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Кеңейтілген құрамдағы келссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал етеді деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц Ақордада қарсы алғанын жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар