Қазақстан мен Германия арасындағы сауда көлемі 41% ұлғайды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Берлин Еуразиялық клубының мерейтойлық 40-отырысы өтіп жатыр. Көптеген жылдар бойы бұл клуб екіжақты күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша сараптамалық диалог үшін маңызды алаң болып келеді.

Үкімет
Фото: Айжан Серікжанқызы

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр екі ел арасындағы экономикалық қатынастар табысты дамып жатқанын атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға және Федералдық президент Франк -Вальтер Штайнмайердің өткен жылы Қазақстанға жасаған сапарлары елдеріміздің іскерлік ынтымақтастығына елеулі серпін берді. Экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық деңгейлерде белсенді диалогты жалғастыру маңызды деп санаймыз», - деді Р. Скляр АХҚО-да Берлин Еуразиялық клубының отырысында.

Германия – Қазақстанның ЕО-дағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 41 пайызға өсіп, 4 млрд АҚШ долларына жетті.

«Биыл да өсу үрдісі жалғасуда – қаңтар-ақпан айларында өзара тиімді сауда көлемі тағы 34 пайызға өсті. Біздің республикамыздағы инвестициялардың жоғары саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігін мойындаудың маңызды белгісі – Германия Федералды үкіметінің Қазақстанды инвестициялық кепілдіктер жеңілдікпен берілетін 34 мемлекеттің тізіміне қосуы болды. Соңғы жылдары Қазақстан Германияның 50 жетекші сыртқы сауда серіктестерінің тізіміне еніп, бірден 10 позицияға көтерілді», - дейді Р. Скляр.

Р. Скляр инвестициялық ынтымақтастықта да ерекше перспективалар ашылып жатқанын атап өтті.

«Біздің инвестициялық өзара іс-қимылымыз жоғары қосылған құны бар жаңа сапалы жобалармен нығайтылатыны қуантады. Бұл бағыттағы серіктестіктің жарқын мысалдары – CLAAS, Knauf, Heidelberg Materials, Henkel, Linde және т.б. сияқты ірі неміс компанияларының табысты жобалары. Әйтсе де, сауда-экономикалық ынтымақтастықта қолда бар зор әлеует әлі ашылған жоқ деп санаймыз. Сондықтан Қазақстан Үкіметі өзара тиімді, көпжоспарлы Қазақстан-Германия экономикалық өзара іс-қимылдарын одан әрі арттыруға дайын», - деді Р. Скляр.

Соңғы жаңалықтар