Қазақстан мен Грузия туризм және спорт саласындағы серіктестікті нығайтады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе мырзамен кездесті. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстан мен Грузия туризм және спорт саласындағы серіктестікті нығайтуға ниетті
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Кездесу барысында тараптар туризм және спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. 

Министр туризм саласы екі ел арасындағы серіктестіктің серпінді әрі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Кейінгі жылдары Грузия отандық туристер үшін танымал бағыттардың біріне айналды. Қазақстан да грузиялық саяхатшылар арасында негізгі бағыттардың бірі саналады. Еліміз шетелдік қонақтарға мәдени-танымдық, этнографиялық, экологиялық және іскерлік туризм бағыттары бойынша кең мүмкіндіктер ұсынады.

– Екі ел арасындағы туристік ағынның артуына әуе қатынасының дамуы айтарлықтай ықпал етуде. Туристік маусым кезінде Қазақстан қалалары мен Грузияның Тбилиси, Батуми және Кутаиси қалалары арасында шамамен 40 тікелей әуе рейсі жүзеге асырылады. Сонымен қатар екі ел арасындағы визасыз режим де туристер үшін қолайлы жағдай жасап отыр, - деді Ербол Мырзабосынов.

Қазақстан мен Грузия туризм және спорт саласындағы серіктестікті нығайтуға ниетті
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Басқосуда тараптар спорт саласындағы ынтымақтастықтың да берік әрі тарихи негізі бар екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстан мен Грузия арасында спортшылар мен жаттықтырушылардың тәжірибе алмасуы, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, сондай-ақ халықаралық жарыстарға қатысу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ Грузия спортшылары Қазақстанда өтетін ірі халықаралық спорттық іс-шараларға белсенді түрде қатысып жүр. Олардың қатарында Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, дзюдодан рейтингтік турнирлер, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық жарыстар және өзге де беделді бәсекелер бар.

Екі ел өкілдері алдағы уақытта бірлескен жарыстар ұйымдастыру, оқу-жаттығу жиындарын өткізу, сондай-ақ жаттықтырушылар мен спорт саласындағы мамандар арасында тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін жеткізді.

Бұдан бұрын Турзим және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында қысқы спорт түрлеріне бөлінген қаражаттың қайда кетіп жатқанын түсіндірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар