Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени ынтымақтастық перспективалары талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Мәдениет және ақпарат Вице-министрі Ербол Әліқұлов Индонезия Білім, мәдениет, зерттеулер және технологиялар министрлігінің Мәдениет басқармасының бас директоры Хильмар Фаридпен және Индонезияның ҚР-дағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахманмен кездесті. Ербол Әліқұлов өткен жылы Қазақстан мен Индонезияның дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толғанын атап өтті. 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
«Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз екіжақты өзара тиімді ынтымақтастық шеңберінде тығыз және сенімді қарым-қатынас орнатты. Қазір біз екі елдің мәдени іс-шараларға қатысуы арқылы бірлескен жұмысты жандандыруымыз қажет», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 
Индонезиямен ынтымақтастық
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға 2013 жылы қол қойылды. Серіктестер өзара байланыс аясын кеңейтуге ниетті.

«Қазақстан мен Индонезияның ортақ тұстары көп. Біз – көпұлтты және көпмәдениетті мемлекетпіз. Біздің ынтымақтастығымыз одан да тиімді әрі жемісті болатынына сенімдімін», – деп атап өтті Хильмар Фарид. Сонымен қатар екі елде де алмасу бойынша оқитын студенттер санын көбейтуді ұсынды.

Жиын соңында қатысушылар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, музыка, театр және кинематография саласындағы ынтымақтастықты қарастыруға және нығайтуға дайын екендіктерін атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар