Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан мен Иран арасында халықаралық автомобиль тасымалы реттеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, өңірлік даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған құжат алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.

Қазақстан мен Иран арасында халықаралық автомобиль тасымалы реттеледі

Келісім 2014 жылдың 9 қыркүйегінде Астанада жасалған. Бұл ретте келісім Қазақстан мен Иран мемлекеттері арасындағы жолаушылардың, жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын реттеу мақсатында жасалған. Құжатқа сәйкес, жолаушыларды тұрақты транзиттік тасымалдауды қоспағанда, жолаушыларды тұрақты тасымалдау рұқсаттар негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұдан бөлек, келісім бойынша бір мемлекеттің тасымалдаушыларына екінші тарап аумағы шегіндегі пункттер арасында жолаушы мен жүк тасымалын жүзеге асыруға тыйым салынады.

«Айта кетерлігі, Қазақстан мен Иран арасындағы жүк тасымалы жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2014 жылы бұл өсім 27 пайызды құрады. Ал бүгінгі күні екі ел арасындағы автокөліктік тасымалдар Үкіметтер арасындағы 1993 жылдың мамыр айында қабылданған келісім аясында шешілуде. Алайда, ол келісім рұқсат берулер бойынша бірқатар мәселелерді қарастырмайды», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов. Оның айтуынша, жаңа келісімшарт бойынша екіжақты транзит пен жүк тасымалдарында үшінші елдерге тасымал тек рұқсаттық негізде жүзеге асатын болады.

Осыған орай, құжат аясында рұқсат беру бланкілері, квоталар мен алмасулар, сондай-ақ Қазақстан мен Иран арасындағы жүк тасымалының негізгі ережелері реттеледі. «Бұл қазақстандық тасымалдаушылар үшін екі ел арасындағы жүк тасымалы ағынын арттыра түсуге мүмкіндік береді», - дейді жауапты хатшы.

Заң жобасы палатаның алдағы отырысына шығарылатын болып келісілді.