Қазақстан мен Иран арасындағы жолаушылар мен жүктердің тасымалы туралы келісім мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Келісім 2014 жылдың 9 қыркүйегінде Астанада жасалған.

Қазақстан мен Иран арасындағы жолаушылар мен жүктердің тасымалы туралы келісім мақұлданды - Мәжіліс

Бұл ретте келісім тараптар мемлекеттері арасындағы жолаушылардың, жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын реттеу мақсатында жасалған. Құжатқа сәйкес, жолаушыларды тұрақты транзиттік тасымалдауды қоспағанда жолаушыларды тұрақты тасымалдау рұқсаттар негізінде жүзеге асырылатын болады. Келісім бойынша Тараптардың бірінің мемлекетінің тасымалдаушыларына екінші Тарап мемлекетінің аумағы шегіндегі пункттер арасында жолаушы мен жүк тасымалын жүзеге асыруға тыйым салынады. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.