Қазақстан мен Испания арасындағы сауда рекордтық деңгейге жетті – мемлекеттік хатшы Шиана Мендес

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев және Испания өнеркәсіп, сауда және туризм министрлігінің сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Шиана Маргарида Мендес Бертолоның төрағалығымен экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Испания үкіметаралық бірлескен комиссиясының 10-шы отырысы өтті. Тараптар Қазақстан мен Испания арасындағы екіжақты тауар айналымы пандемияға дейінгі деңгейден асып, 41,7% артқанын, осылайша өткен жылы 2,5 млрд еуроға жеткенін атап өтті. Мемлекеттік хатшы Шиана Мендес ҚазАқпарат агенттігінің шолушысына берген эксклюзивті сұхбатында Астанаға бір күндік сапарының негізгі қорытындылары және екіжақты сауда туралы айтып берді.
None

- Мендес ханым, Қазақстанға қош келдіңіз! Сапарыңыздың қорытындысы мен қол жеткізілген келісімдер туралы толығырақ айтып берсеңіз?

— Ең алдымен, пандемия кезінде институционалдық деңгейде тұрақты диалогты сақтай алғанымызды атап өткім келеді. Бұл - экономика және өнеркәсіп саласындағы үкіметаралық ынтымақтастық комиссиясыың 10-шы отырысы.

Біз соңғы отырысты екі жыл бұрын өткіздік. Менің ойымша, бұл - біздің сауда және инвестиция саласындағы қарым-қатынастың тереңдігінің, әсіресе екі ел үкіметінің ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысының көрінісі.

Бірінші нәтиже - екі ел үкіметі арасындағы ынтымақтастықты тереңдету. Екінші нәтиже - жеке сектор өкілдері, компаниялардың жиналып, B2B, B2G кездесулер өткізуі. Сонымен қатар дәстүрлі секторлар бойынша ғана емес, сонымен қатар сумен жабдықтау, жаңартылатын энергия көздері және денсаулық сақтау саласында жаңа жобаларды анықтайды.

- Сіздің ойыңызша, екіжақты сауданы дамытуда бүгінде қандай кедергілер мен проблемалар бар?

- Шын мәнінде, өзара сауда пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралып қана қоймай, айтарлықтай өсті. Қазір Қазақстан мен Испания арасындағы сауда рекордтық деңгейге жетті.

Мысалы, өткен жылғы экспорт пен импорт туралы деректерге сүйенсек, ол 2021 жылмен салыстырғанда екі жақта да 74% және 78% өсті. Демек, бұл екіжақты сауданың бұрынғыдан да қарқынды өскенін білдіреді және бұл өте маңызды.

Инвестиция құю жалғасып жатыр, оны арттыру мүмкіндіктері бар. Маңыздысы - жаңа мүмкіндіктер табу, қаржылық шешімдерді анықтау және екі ел қауымдастығының жұмыс істеуі.

Бұл бағытта кедергілер көп емес. Шын мәнінде, біз Қазақстанның мемлекеттік тапшылық мәселелерін шешу және мемлекеттік қарыз бойынша да қарқынды деңгейде алда жатқанын көріп отырмыз. Қазақстандағы макроэкономика оң көрсеткіштерге ие. Халық саны өсіп жатыр, білімді, білікті жұмысшылар жеткілікті.

Аталған даму көрсеткіштерін әр деңгейде яғни институционалды және жеке сектордан да көре аласыз. Бірлескен комиссия міндеттерінің бірі екіжақты саудадағы кедергілерді анықтау, бірақ біз кедергі көрмедік. Қазақстанмен күн тәртібі сындарлы жолға қойылған.

– Испан компанияларын қызықтыратын Қазақстан экономикасының негізгі бағыттары мен салалары қандай? Сіздің ойыңызша Қазақстан испан компанияларына не ұсына алады, керісінше испандықтар бізге не ұсына алады?

– Қазақстан халқы жыл санап өсіп келе жатқан ел, әсіресе қалалық жерлерде. Сондықтан муниципалды мекемелер ұсынатын мемлекеттік қызметтерді оңалту қажеттілігі туындайды. Өйткені, қазір оларға артылатын жүк ауыр.

Мысалы, су ресурстарын басқару, жол қозғалысы және электр энергиясы саласы дер едім. Аталған мемлекеттік қызмет салалары жұмысын технологияларды қолдану және цифрландырудың жаңа шешімдері арқылы жақсартуға болады.

Бұл бағытта испан компаниялары муниципалитеттерге және Қазақстан Үкіметіне қол ұшын соза алады. Әсіресе су секторындағы технологиялар ынтымақтастық үшін басымдыққа ие сала.

Сонымен қатар испан компаниялары білім беру, мемлекеттік қызметтер жұмысын оңтайландыруда тиімді құқықтық базаны қалыптастыру бойынша халықаралық тәжірибесімен бөлісе алады.

Айтар болсақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік. Испан компаниялары аталған бағытта әлем бойынша әртүрлі құқықтық жүйелерде жұмыс істеген, сондықтан тәжірибесі бар. Олар мемлекеттік қызметтерді ұсыну, пайдалану және тиімді модель құруда таптырмас серіктестер.

Қазақстан жаңартылатын энергетиканы дамытуда керемет бизнес-ахуалға ие. Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласын дамыту күн тәртібінде. Сіздің ел 2030 жылға қарай көміртегі шығарындыларын 10% қысқартуға ниетті.

2050 жылға қарай электр энергиясының 50% жаңартылатын энергия көздерінен алынады, ал 2060 жылға қарай ел көміртегі бейтараптығына қол жеткізбек. Бұл - өте айқын мақсат және бұл жерде инвестиция тартылады. Осы орайда инвестиция жағы испан компанияларын аса қызықтырады.

Одан бөлек, денсаулық сақтау саласы мен табиғи ресурстарды картаға түсіруде қажеттіліктер барын атап өтуге болады. Қазақстан жасыл экономика және цифрландыруға көшуде шикізаттар ұсына алады. Сондықтан өткен жылы Еуро одақ Қазақстанмен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Аталған ынтымақтастық шикізатқа және Қазақстанның шикізатпен байланысты өндірісті интеграциялауға қатысты. Бұл мүмкіндіктерді де испан компаниялары ұсына алады. Ресурстарды картаға түсіру бойынша оларды сақтау немесе пайдалануға қатысты оң шешім қабылдау үшін жердің ішкі бөлігінде не бар екенін білу маңызды. Осы орайда дұрыс бағдарламалық жасақтаманы қолдану қажет. Одан бөлек, өнеркәсіпте өндірістік қуаттарды құру үшін Қазақстанға келген испан компаниялары бар, бұл тамаша сәйкестік.

– Әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар