Қазақстан мен Испания СІМ арасындағы саяси консультациялардың 8-ші раунды Астанада өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 16 маусымда Астанада Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігінің Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың 8-ші раунды өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.

Қазақстан мен Испания
Фото: gov.kz

Оның айтуынша, қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, ал Испания делегациясын Испанияның мемлекеттік хатшысы Диего Мартинес Белио басқарады.

– Консультация барысында тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қоса алғанда қазақ-испан ынтымақтастығының кең ауқымды бағыттарын талқылауды жоспарлап отыр, – деді ведомство өкілі брифингте.

Сондай-ақ Ерлан Жетібаевтың айтуынша, сол күні Қазақстан мен Испанияның мемлекеттік органдары, іскер топтары, сарапшылық қоғамдастығы және академиялық институттары арасындағы байланысты нығайтуға арналған жаңа диалог алаңы – Қазақстан–Испания форумының алғашқы отырысы өтеді.

– Форум перспективалы бірлескен жобаларды ілгерілетуге және өзара іс-қимылдың басым бағыттарындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді деп күтеміз. Алдағы іс-шаралар Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытудың маңызды кезеңі ретінде қарастырылып, екіжақты көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін беруге бағытталған, – деді ол.

Министрлік өкілінің айтуынша, кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және алдағы екіжақты іс-шараларға дайындық мәселелеріне де ерекше назар аударылады.

Бұған дейін Қазақстан техникалық байқауды цифрландыру үшін Испания тәжірибесін енгізетінін жазғанбыз.