Қазақстан мен Италия арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Аталған уақыт ішінде екі ел арасындағы қатынас теңдессіз жоғары деңгейге жетті: мазмұнды саяси диалог жүріп жатыр, өзара сауда қарқыны өсті, келісімшарттар базасы кеңейіп, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық нығайып келеді. 2009 жылы қол қойылған стратегиялық әріптестік туралы шарт Қазақстан-Италия қарым-қатынасының ерекше мәртебесін айғақтайтын аса елеулі оқиға болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыртқы саяси ведомствоның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ауқымды саяси өзгерістер орын алып отыр.

Мемлекет басшысы саяси жүйені жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған реформалар бағдарламасын ұсынды.

Осы тұрғыда Италия Республикасымен серпінді қарым-қатынастар елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыруға және ілгерілетуге маңызды үлес қосты.

Италия Республикасы - еліміздің аса ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі, ал Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі.

30 жыл ішінде Қазақстан экономикасына құйылған италиялық инвестицияның көлемі 15 млрд АҚШ долларына жетті.

2022 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі 8 млрд АҚШ долларын құрады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, коммуникациялар, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық сала.

Қазақстанда Италияның 250-ден астам компаниясы сәтті жұмыс істеп тұр.

Екіжақты қатынасты дамыту мақсатында Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық пен алмасу жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобы, сондай-ақ «Қазақстан-Италия» парламенттік достық тобы құрылды.

Халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ұстанымдардың ұқсастығын ескере отырып, халықаралық ұйымдар аясында елдеріміз арасында сенімді қатынас орнады.

Қазақстан мен Италия әлемдік аренада екі елдің өзара құрмет қағидасына негізделген өзара іс-қимылды нығайтуды құптайды.

Өңіраралық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді.

Маусым айынан бастап Алматы және Милан қалалары арасында италиялық «NEOS» компаниясы іске асыратын әуе қатынасы ашылды.

Мәдени-гуманитарлық салада да білім, кітапхана ісі, ғылыми-зерттеу қызметі бағыттары бойынша өзара іс-қимыл кеңеюде.

Абайдың 175 жылдығы аясында ұлы ойшылдың «Қара сөздері» мен поэмалары итальян тіліне аударылды.

Милан қаласындағы Амброзиан кітапханасында және Венеция қаласындағы «Ка Фоскари» университетінде қазақстандық мәдениет пен әдебиет орталықтары жұмыс істейді.

Қазақстан мен Италияны тек саясат пен экономика ғана емес, сонымен бірге Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алатын тарих және атақты венециялық көпес Марко Полоның Ұлы Даланың ұлан-ғайыр кеңістігіне саяхаты жақындатады.

Қазақстан Италиямен стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайтуға және дамытуға бағытталған сыртқы саяси бағытты одан әрі жүргізуге ниетті.




Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар
telegram