Қазақстан мен Италияның сотталғандарды беру туралы шарты мақұлданды - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Аталған келісім Қазақстан мен Италия арасындағы сотталған тұлғаларды одан әрі өз елінде жазасын өтеуі үшін өзара беру мүмкінігін қарастырады. Бұл ретте келісім аясында сотталғандарды беруді жүзеге асыратын нақты жағдайлар, сондай-ақ ондай берулерден бас тартатын жағдайлар қарастырылған», - деді Бас прокуратура орынбасары Иоган Меркель.
Оның сөзіне қарағанда, келісімге сәйкес, сотталған тұлғаларды өзара беру жағдайлары қарастырылып отыр. Атап айтқанда, егер тұлға үкімді жүзеге асыратын тараптың азаматы болып табылса, беру туралы сұраудың алынған уақыты мен сотталған тұлғаның жазасын өтеу уақыты бір жылдан артық болғанда, сонымен қатар, сотталушының немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімі болғанда ондай тұлғалар берілуі мүмкін.
Керісінше, егер тараптардың бірі ондай тұлғаларды беру егемендікке, қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке залалын тигізеді деп санаса, сондай-ақ оларды беру заңнаманың іргелі қағидаттарына қайшы келетін болса, онда мемлекеттер сотталғандарды беруден бас тарта алады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.