Қазақстан мен Қатар арасында қылмысқа қарсы заң қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң екі оқылымда қаралып қабылданды.
Құжатқа 2024 жылғы 29 қазанда Доха қаласында екі елдің ішкі істер министрлері қол қойған. Келісімнің мақсаты – мемлекеттердің құзыретті органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін құқықтық негіз қалыптастыру. Бұл ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа, сондай-ақ заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы бірлесіп күресуге мүмкіндік береді.
- Ынтымақтастық аясында жедел ақпаратпен алмасамыз және озық тәжірибемен бөлісеміз. Келісім шартта ұлттық заңнама мүддесін қорғайтын шектеулер бар. Мысалы, егер сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне зиян келтіруі мүмкін деп саналса немесе ішкі заңнамаға қайшы келсе, тарапатардың құқықтық көмек көрсетуден бас тарту мүмкіндігі көзделген. Бүгінде Қазақстан әлемнің 23 мемлекетімен осындай келісімдер жасаған. Олардың қатарында Франция, Италия, Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдер бар. Бұл Келісімді ратификациялау Қатармен де осындай жұмысты жолға қоюға және халықаралық нормаларды ескере отырып, тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Қатармен арада бекітілген басқа құжаттардан айырмашылығы
Қазіргі кезде Қатар мемлекетімен құқық қорғау саласында бізде үш халықаралық шарт жасалды. Бұл: қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы, экстрадициялау туралы және сотталған адамдарды беру туралы шарттар. Сонымен қатар, екі ел арасындағы ынтымақтастық Интерпол саласы бойынша да іске асырылады.
С. Әділовтің сөзіне қарағанда, бүгін Құрылтайда қабылданған келісім жоғарыда аталған шарттардың мазмұндарын қайталамайды. Атап айтқанда, бұған дейін бекітілген құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді және сотталғандарды беру – бұл жұмыс екі арада қылмыстық істер бойынша орындалады.
- Бүгінгі қабылданған заң аясында қарастырылған келісім құқық қорғау органдарының жедел өзара іс-қимылын реттейді және тәжірибе алмасуды көздейді, - деп нақтылады министрдің орынбасары.
Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметіне қарағанда, бүгін қабылданған Келісім ұйымдасқан қылмысқа, террористік және экстремистік қылмыстарға, есірткінің, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күрес, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндеттерді шешу кезінде өзара іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан мен Қатар арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталған.
Келісім аясындағы ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының сұрау салулары негізінде болжанады және ол Тараптарға:
- қылмыстық іс қозғалғанға дейін жедел ақпарат алмасуға;
- адамдарды іздестіру бойынша деректерді жедел салыстырып тексеруге;
- киберқылмыспен және ақшаны жылыстатумен күрес саласында бірлескен жаттығулар өткізуге, технологиялармен алмасуға және біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Құжаттағы 9-бапқа сәйкес, сұрау салушы тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші тараптан алынған ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етеді және оның жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа беруден, тіпті осы келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан кейін де тартынады делінген. Қарапайым тілмен айтқан кезде, тараптар өз елінің заңдарына сәйкес деректерді қорғауға, деректерді рұқсатсыз үшінші тұлғаларға бермеуге келісімнің өзі қолданысын тоқтатса да, осы ережені сақтауға міндетті.
- 9-бапқа сәйкес, құпия режимі шектеулі құжаттарға және дербес деректерге таралады. Егер құпиялы ақпараттар заңсыз жарияланса, ол кезде құзыретті тараптың органы ішкі тергеуді жүргізіп, кінәлілерді анықтап, оларды тиісті жауапқа тартатын болады, - деді С. Әділов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қатарға жұмысқа барған қазақстандықтардың құқығы қорғалатын заң қабылданғанын жазған едік.