Қазақстан мен Катар арасында салық салудан жалтаруға жол берілмейтін келісім мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетiнiң Үкiметi арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келiсiмдi және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталған құжаттарға 2014 жылдың 19 қаңтарында Астана қаласында қол қойылған болатын.

Қазақстан мен Катар арасында салық салудан жалтаруға жол берілмейтін келісім мақұлданды - Мәжіліс

Осы келiсiм уағдаласушы мемлекеттiң немесе оның орталық, яки жергiлiктi билiк органдары атынан алынатын табысқа салынатын салықтарға қатысты оларды алу әдiсiне қарамастан, уағдаласушы мемлекеттердiң бiреуiнiң немесе екеуiнiң де резиденттерi болып саналатын тұлғаларға қолданылады. Бұл ретте құжат жылжымайтын мүліктен, кәсіпкерліктен түсетін пайда, теңiз немесе әуе кемелерiнің халықаралық тасымалынан алынған пайда, сондай-ақ пұлға, бiрлескен кәсiпорынға немесе көлiк құралдарын пайдалану жөнiндегi халықаралық ұйымға қатысудан алынған пайда бойынша салық салу тәртiбiн реттейдi. Сонымен қатар әдебиет, өнер туындыларына немесе ғылыми жұмыстарға, кез келген патентке, сауда таңбасына, дизайнға, құпия формулаға немесе процеске кез келген авторлық құқықты пайдаланғаны немесе өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми тәжiрибеге қатысты ақпарат үшiн кез келген сыйақы, сондай-ақ өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми жабдықты пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергенге төлем үшін алынған пайдадағы салық салулар қарастырылады.

«Келісімнің мақсаты инвестицияға жағымды ахуал қалыптастыру арқылы Қазақстан мен Катар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту болып табылады. Бұл ретте құжат аясында тараптардың бірінің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғаларына қосарланған салық салуды болдырмау шаралары қарастырылады», - деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, Келісім аясында тараптардың құзыретті органдар арасындағы ақпарат алмасулары қамтылып отыр.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.