Қазақстан мен Қатар арасындағы рейстер саны көбейеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Келер жылдан бастап Қазақстан мен Қатар арасындағы рейстер күнделікті болады. Бұл туралы ҚазАқпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан мен Қатар арасындағы рейстер саны көбейеді

2023 жылғы 3 қаңтардан бастап қатарлық авиакомпания Алматы және Доха қалалары арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 4-тен 7-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Екі ел арасында әуе қатынасы күнделікті болады.

Сонымен қатар, әуекомпания 2023 жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде Қазақстан мен Катар астаналары – Астана мен Доха арасында рейс ашуды жоспарлап отыр.

Рейстерді ұлғайту және ұшу географиясын кеңейту Қазақстан мен Қатар арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етпек.