Қазақстан мен Қатар стратегиялық әріптестік орнатуға уағдаласты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бұл туралы бүгін Ақордада Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни мырза Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп отыр. Біз үшін бұл – үлкен мәртебе, құрмет. Халқыңыздың нағыз көшбасшысы ретінде Сіздің абырой-беделіңіз өте жоғары. Ел басқару ісіндегі даналығыңыз бен ерекше тұлғалық қасиеттеріңіз Қатарды әлемге кеңінен танытты. Еліңізді дүниежүзі әлеуметтік және эконмикалық жағынан алдыңғы қатардағы мемлекет ретінде біледі. Әсіресе, бейбітшілікті сақтау мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосып келесіз. Жан-жақты жетістіктеріңізге әлем жұртшылығы куә. Биыл Қатарда өтетін футболдан әлем чемпионаты – соның дәлелі. Бұл маңызды іс-шара Қатардың дүниежүзіндегі брендіне айналып отыр. Сіздің ауқымды бастамаларыңыз арқылы халқыңыз жаңа дәуірге қадам басты», - деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар барынша өркендеген мемлекет ретінде болашақта да қарқынды дами береді деп кәміл сенетіндігін баса айтты.
«Біз биыл бірнеше рет кездесіп, екі елдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру жолдарын талқыладық. Бүгін стратегиялық әріптестік орнатуға уағдаластық. Қазақстан Қатар елімен түрлі саладағы ықпалдастықты нығайтуға мүдделі», - деді Мемлекет басшысы.


