Қазақстан мен ҚХР экономикалық бағдарламаларын ұштастыру жоспарына қол қойылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында ҚР Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Құжатты Қазақстан тарапынан Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Қытай тарапынан ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сюй Шаоши рәсімдеген.
«Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастығының стратегиялық сипатын және осы елдің инвестициялық әлеуетін ескере отырып, Жоспарды іске асыру екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсендендіруге және кеңейтуге мүмкіндік береді. Аталған құжат инфрақұрылым, инвестициялар және сауда, өнеркәсіп, көлік және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың айтарлықтай кеңеюін болжамдайды. Тараптар автожолдар салуға және Қазақстан аумағындағы автожол инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы-Еуропа және кері бағдар бойынша теміржол магистралін салу мен жаңғыртуға кәсіпорындардың қатысуын белсенді түрде көтермелеуге ниеттенеді. Одан басқа, құжат екі елдің аумағында, сол сияқты үшінші елдерде логистикалық терминалдарын дамытуда кәсіпорындарға қолдау көрсетуді болжамдайды, үшінші елдер Қазақстан мен Қытайдың экспорттық-импорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал ететін болады», - делінген хабарламада.
Қол қойылған жоспар аясында Қазақстан мен Қытай индустрияның жаңа буын биотехнологиясы, энергияның жаңа көздері және жаңа материалдар сияқты салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Елдер инжиниринг техникасы мен автомобиль өнеркәсібін өндіру саласындағы ынтымақтастық ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, құжат туризм және коммуналдық шаруашылық пен сумен жабдықтау жүйелері саласындағы инфрақұрылымды салу аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Қытай тарапы Қазақстанның қалалық жылу және сумен жабдықтау желісін қайта құруды және жаңғыртуды қолдайды.
Жалпы, ең алдымен, мемлекет және үкімет басшыларының тұрақты кездесулері арқылы, сондай-ақ «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының шеңберіндегі Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобалары бойынша жұмыстың басталуына байланысты, Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастың жандана түскенін атап өткен жөн.