Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 5 млрд долларға жете алады - сарапшы

Джамин Акималиев
Фото: who.ca-news.org

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттық үлкен әлеуетке ие және бірнеше есе артуы мүмкін. Ынтымақтастықтың осы бағытын дамытуға елдер арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қою көмектесе алады. Сонымен қатар трансшекаралық сын-қатерлерге қарсы іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді. Мұндай пікірді Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Джамин Акималиев айтты, деп хабарлайды kazinform агенттігі.

«Қырғызстан мен Қазақстан — жақын көршілер. Бізді ортақ өткеніміз бен мәдени дәстүрлеріміз біріктіреді. Қысқа мерзімде көрші мемлекеттермен достық байланыс орнатуға мүмкіндік туды. Бұл өңіріміздің тұрақтылығына оң әсерін тигізді», — деді ол.

Дегенмен, спикердің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық байланыстардың қазіргі деңгейі біздің мүмкіндіктерімізден өте алыс.

Егер 2023 жылы Қырғызстанның жалпы сыртқы сауда айналымы 15,6 миллиард доллар болса, оның ішінде Қазақстанмен сауда-саттығы тек 1,3 миллиард долларды немесе 8,3 пайызды құрады. Бұл ретте Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Армения кіретін ЕАЭО елдері саудасының жалпы айналымы 2023 жылы 100 миллиард доллардан астам көлемде болады деп күтіліледі.

«Меніңше, жақын болашақта Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы сауда көлемін 5 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін барлық мүмкіндікке иеміз. Саудалайтын дүниелеріміз бар — ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс өнімдері, қымбат металл концентраттары және басқалары. Осы өршіл мақсаттарға жету үшін, бауырлас екі елдің шекаралары әрқашан ашық және әділ болуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Бұл адами және қаржылық ресурстардың, тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін керек. Өйткені, негізсіз тексерулер мен бюрократиялық кедергілерге байланысты шекарада тауарлармен, кейде тез бұзылатын ауыл шаруашылығы өнімдерімен ауыр жүк машиналарының бірнеше шақырымдық кезегі пайда болады», — дейді ол.

Джамин Акималиев егер жақын арада Қазақстан мен Қырғызстан одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қойса, онда трансшекаралық сын-тегеуіріндерге, қатерлер мен тәуекелдерге қарсы тиімді іс-қимыл мақсатында шекара саясаты мәселелері шешілетінін, сондай-ақ қазақ-қырғыз шекарасын қорғау саласындағы ынтымақтастық нығаятынын атап өтті. Сондай-ақ, сарапшы одақтас мемлекет құру артық болмас еді деп санайды.

«Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт жасасқаннан кейін Қазақстан мен Қырғызстан мақсаты біртұтас экономикалық кеңістік құру болатын осы құжаттың толыққанды қатысушы мемлекеттер саналады. Бұл ретте, Қырғызстан мен Қазақстанның серіктестігі мемлекеттік егемендікті және аумақтық тұтастықты сөзсіз сақтау, тараптардың халықаралық міндеттемелерін жауапты орындауы қағидаттары негізінде құрылады. Дәл осындай шарт бауырлас халықтарымыздың байырғы мүдделеріне сай болар еді», — деп қорытындылады Джамин Акималиев.

Соңғы жаңалықтар