Қазақстан мен Қырғызстан саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Жақын арада Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылайды. Осы құжат палатаның қарауына келіп түсті.

— Бұл шартқа Астанада былтыр 19 сәуірде қол қойылды. Құжаттың мақсаты — Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастығының кешенді дамуына жаңа қуатты серпін беру. Шартта саяси және экономикалық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ өзара іс-қимылды белсенді дамыту ескерілген. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті аталған заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, — деді Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан палатаның жалпы отырысында.
Еске салсақ, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевты қабылдады.