Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 8%-ға артты

АСТАНА. KAZINFORM -2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 31,8 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға жоғары, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Жоңғар қақпасындағы қатты жел Қытаймен жүк тасымалына ықпал етті
Фото: ҚТЖ

Былтыр осы кезеңде 29,4 млн тонна жүк тасымалданған. Тасымалдың екі бағыты бойынша да оң динамика байқалады.

Осылайша, 2026 жылғы қаңтар–қазан айлары аралығында Қытайдан Қазақстанға 12,1 млн тонна жүк жеткізілді.

Оның ішінде Достық шекара станциясы арқылы 5,0 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 13%-ды құрады. Ал Алтынкөл станциясы арқылы тасымал көлемі 6%-ға артып, 7,1 млн тоннаға жетті.

Кері бағытта, яғни Қазақстаннан Қытайға 19,7 млн тонна жүк жөнелтілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға жоғары.

Шекаралық өткелдер бөлінісінде Достық станциясы арқылы 13,1 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 12%-ды құрады. Ал Алтынкөл станциясы арқылы тасымал көлемі 1%-ға артып, 6,6 млн тоннаны құрады.

Жүк тасымалы көлемінің артуы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мүмкін болып отыр.

-Халықаралық теміржол қатынасын одан әрі дамыту аясында шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, шекаралық өткелдердің өткізу қабілетін арттыруға және логистикалық процестерді жетілдіруге ерекше назар аударылуда. Аталған шараларды іске асыру жүк ағынының одан әрі ұлғаюын қамтамасыз етуге, тасымал тиімділігін арттыруға және Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазақстан мен Тәжікстанның жүк транзиті 7 млн тоннаға жеткені туралы жаздық.