Қазақстан мен Қытай «Қорғас» орталығындағы қауіпсіздікті күшейтпек
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Қытай «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін бірлесіп жұмыс істемек. Осыған қатысты келісімді ратификациялау туралы заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Келісім Қазақстан мен Қытайдың құзырлы органдарының орталық аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастығына құқықтық негіз қалыптастырады.
Құжатта орталық аумағында жасалуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру кезінде екі елдің құзырлы органдарының өзара іс-қимыл жасау тәртібі қарастырылған.
Сондай-ақ тараптар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, іздеуде жүрген адамдарды іздестіру және ұстау, орталық аумағындағы азаматтар мен ұйымдардың мүлкін қорғау мәселелері бойынша бірлеседі.
Бұдан бөлек қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысын реттеу, орталықтың инфрақұрылымын күтіп ұстау және оның жұмысын бақылау мәселелері бойынша консультациялар өткізу көзделген.
Екі елдің құзырлы органдары өз заңнамаларына сүйене отырып, бір-біріне ресми сауал жолдау арқылы жұмыс істейді. Ал ұлттық қауіпсіздікке қатысты маңызды ақпаратты қажет болған жағдайда сауал күтпей-ақ өзара бөлісе алады.
Заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Талқылау 18 қарашаға дейін жалғасады.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай «Қорғас» орталығындағы қауіпсіздік мәселелерімен қатар, жүргізуші куәліктерін өзара тану жөнінде де келісімге келген болатын.