Қазақстан мен Қытай ушу спорты бойынша ынтымақтастықты күшейтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Спорт саласындағы байланысты тереңдету мақсатында «Ушу достықты нығайтады: өркениеттер диалогы» іс-шарасы өтті. Жиында қазақстандық және қытайлық ушу шеберлері көпшілікке өнерін паш етіп, аталған спорттың әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Сонымен қатар, басқосуда мамандар ушудың маңызы жөнінде пікір білдірді. Олардың сөзінше, аталған спорт қос мемлекет арасындағы жан-жақты серіктестікке, өзара қарым-қатынасқа оң әсерін тигізеді.
— Бұл кездесу екі ел арасындағы достық пен қарым-қатынасты нығайтып, ушу өнерін дамытуға, тәжірибе алмасуға және болашақтағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тек экономика, энергетика, сауда немесе көлік салаларымен шектелмей, мәдени және спорттық бағыттарды да қамтып отыр, — деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов.
Сонымен бірге, ол ушудың тарихына тоқталды. Аталған спорт — ғасырлар бойы жетіліп, бүгінге жеткен мәдени мұра.
Ушу — тек жауынгерлік өнер немесе спорт түрі ғана емес, адамның жан дүниесі мен тән саулығын үйлестіретін, ізгілікке, тәртіпке, өзін-өзі жетілдіруге үндейтін өмірлік философия. Сондықтан әлем халықтары арасында кең таралған.
— Қазақстан үшін ушу жаңа спорт бағыты ретінде дамып келеді. Қазақстандық спортшылар ушу бойынша Азия және әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып жүр. Олар халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, әлемдік және құрлықтық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүр, — деді Аманбай Нұрмұханбетов.
Ал Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь жиында қазақ және қытай спортшыларының бірлесіп өнер көрсетуі мәдени байланыс пен достықтың символы екенін атап өтті.
— Қытайдың ушуы мен қазақтың ұлттық спорт түрлерінің ережелері өзгеше болғанмен, рухани жағынан ұқсайды. Себебі, олар адамды физикалық тұрғыда күшейтіп, мінезін шыңдайды, қайсар етіп қалыптастырады. Бүгін Қытай мен Қазақстанның ушу бойынша спортшылары шеберлігін бір кілемде, бірге көрсетті. Мұндай іс-шаралар достықты нығайтады, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін ушудан тарихи алтын алған спортшы жетістігінің сырын айтқанын жазғанбыз.