Қазақстан мен Корея арасындағы ішкі корпоративтік ауысулар шеңберіндегі еңбек қызметі туралы келісім қабылданды - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Республикасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы азаматтарының ішкі корпоративтік ауысулар шеңберіндегі уақытша еңбек қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Қазақстан мен Корея арасындағы ішкі корпоративтік ауысулар шеңберіндегі еңбек қызметі туралы келісім қабылданды  - Сенат

Қазақстан мен Корея арасындағы келісім 2014 жылдың 26 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында жасалған. Құжат бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекет аумағындағы корпоративішілік ауысулар шеңберіндегі уақытша еңбек қызметі мәселелерін реттейтін болады. Азаматтар корпоративішілік ауысулар туралы жазбаша келісімге сәйкес, басқа мемлекет аумағында құрылған заңды тұлға өкілдіктеріне, филиалдарына, еншілес және үлестес ұйымдарына осы заңды тұлғадан уақытша ауысады.

Бұл ретте жоғарыда аталған азаматтардың ауысу кезінде осы заңды тұлғада кемінде екі жыл үздіксіз жұмыс өтілі болуы қажет. Сонымен қатар, осы санаттағы азаматтар мен олардың отбасы мүшелері үшін рұқсаттың қолданылу мерзіміне визалар беріледі.

Заңның қабылдануы трансұлттық компаниялардың жоғары білікті мамандарын индустрияландыру және инновациялық технологияларды дамыту салаларына оңайлатылған түрде тартуға ықпал етеді.