Қазақстан мен Корея архив ісінде ЖИ технологияларын қолданбақ
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің Архиві мен Корея Республикасының Ұлттық архиві ынтымақтастық туралы жаңа меморандумға қол қойды. Құжат Мемлекет басшысының Корея Республикасына ресми сапары аясында қабылданып, екі мекеме арасындағы он жылға жуық әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашты.
Меморандумға ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Корея Республикасы Ұлттық архивінің президенті Ли Ён Чхуль қол қойды.
Құжат екі ел архившілері мен зерттеушілерінің құжаттарды бірлесіп іздеу және зерделеу бағытындағы жаңа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Меморандум аясында мамандардың тәжірибе алмасуы мен біліктілігін арттыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, халықаралық білім беру жобалары мен кәсіби іс-шараларға қатысу көзделген.
Кездесу барысында тараптар архив ісін цифрлық тұрғыдан дамыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін де талқылады. Корея Республикасы цифрлық технологиялар мен электрондық мемлекеттік басқару саласында озық тәжірибеге ие. Осыған байланысты кореялық мамандармен тәжірибе алмасу қазақстандық архившілердің жаңа технологиялық шешімдерді меңгеріп, оларды архив саласына енгізу мүмкіндігін кеңейтпек.
– Қазақстан мен Корея Республикасын өзара сенімге негізделген, қарқынды дамып келе жатқан достық қатынастар байланыстырады. Екі архив арасындағы ынтымақтастық елдеріміз арасындағы кәсіби және гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды бағыттарының біріне айналады деп сенемін. Корея тарапының ынтымақтастыққа деген ниетін жоғары бағалаймыз. Бүгін қол қойылған меморандумның нақты істермен жалғасуына мүдделіміз. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды айқындап, жаңа бастамаларды іске асыруға кірісеміз деп сенеміз, – деді Әлия Мұстафина.
Қазақстан мен Корея архивтері арасындағы ынтымақтастықтың тарихы он жылға жуық уақытты қамтиды. Екіжақты байланыс 2016 жылғы 28 қазанда ҚР Президенті Архиві басшылығының Сеулге сапары кезінде басталған. Сол кезде тараптар алғашқы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.
2017-2019 жылдары ҚР Президентінің Архиві мамандары Корея Республикасында Records and Archives Management Program халықаралық бағдарламасы бойынша бірнеше рет тағылымдамадан өтті. Қазақстандық мамандар электрондық құжаттарды басқару, цифрлық сақтау, құжаттарды цифрландыру және архив материалдарын қалпына келтіру бағыттарындағы кореялық тәжірибені зерделеді.
Корея архившілері де Қазақстанда ұйымдастырылған кәсіби жобаларға тұрақты қатысып келеді. Корея Республикасы Ұлттық архивінің өкілдері ҚР Президентінің Архиві өткізген Жас архившілердің халықаралық жазғы мектебінде сарапшы әрі дәріскер ретінде электрондық құжаттармен жұмыс істеу және архив қорларын цифрландыру тәжірибесімен бөлісті.
2022 жылы кореялық мамандар Қазақстан архившілерінің I Конгресіне қатысып, құжаттарды басқаруды стандарттау жөніндегі тәжірибесін таныстырды.
Екі елді қазіргі дипломатиялық және экономикалық байланыстармен қатар ортақ тарихи жады да байланыстырады. ҚР Президентінің Архивінде Қазақстандағы корейлердің тарихына және ХХ ғасырдың маңызды кезеңдеріне қатысты құжаттар сақталған.
Бұл материалдар корей диаспорасының тарихын, оның Қазақстанға қоныс аударуын, жаңа ортаға бейімделу үдерісін және еліміздің дамуына қосқан үлесін зерттеуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан екі ел архивтерінің ынтымақтастығы кәсіби байланыстарды дамытумен қатар, ортақ тарихи мұраны зерттеу және сақтау үшін де маңызды.
Айта кетейік, Президент Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдады.