Қазақстан мен Корея парламентаралық байланыстарды күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшісі Асет Исенали Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының депутаты Ли Чжэ Канмен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Корея парламентаралық байланыстарды күшейтеді
Фото: ҚР СІМ

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жоспарланған сапары мен оның алғашқы «Орталық Азия - Корея Республикасы» Саммитіне қатысуына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әңгімелесушілер алдағы жоғары деңгейдегі байланыстар екіжақты стратегиялық әріптестікті дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.

Тараптар алдағы көпжақты іс-шараның өңіраралық ынтымақтастықты нығайтудағы және экономика, инвестициялар, инновациялар мен орнықты даму салаларындағы ортақ күн тәртібін ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтті.

— Кездесу барысында қазақстандық дипломат кореялық парламентарийді Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы айтты. Атап айтқанда, саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға, орнықты экономикалық өсім мен инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған өзгерістер жөнінде айтып, Қазақстанның жаңа Конституциясының негізгі ережелерімен таныстырды, — делінген хабарламада.

Тараптар Қазақстандағы корей диаспорасының екі ел халықтары арасындағы достықты, сенімді және өзара түсіністікті нығайтудағы бірегей рөлін ерекше атап өтті. Көптеген жылдар бойы корей этносы Қазақстан мен Корея арасындағы берік достық көпірі болып келеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының мүдделеріне сай жаңа бірлескен бастамаларды ілгерілетуге өзара мүдделілігін растады.

Осыған дейін Кореяның Қазақстандағы жаңа елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырғанын жазған едік.