Қазақстан мен Куәйт арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды

АСТАНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Парламентіне Куәйттің Ұлттық Ассамблеясының депутаттары келді. Куәйттің Ұлттық Ассамблеясының мүшесі Уалид Мұсаид әл-Табтабаи бастаған делегацияны ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов оның өтініші бойынша қабылдады,

Қазақстан мен Куәйт арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында Қазақстан мен Куәйт арасындағы ынтымақтастықты нығайту, соның ішінде парламентаралық байланысты дамыту мәселелері сөз болды. Екі ел арасында 1993 жылы дипломатиялық байланыс орнады. Ж.Кәрібжанов өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы 31 тамыздағы Куәйтке жасаған алғашқы ресми сапары екі елдің арасын жақындата түсіп, жаңа серпін бергенін айтты. Содан кейін саяси-экономикалық, рухани-мәдени байланысы жаңа үрдісте дамыды. Қазір қарым-қатынас көп салалы, бірнеше бағытта жүріп жатыр.

Мейман Уалид Мұсаид әл-Табтабаи өз сөзінде қазақ пен арабтардың өзара ұқсас қасиеттері көп екенін айта келіп, Астанада бірнеше маңызды кездесулер өткізгенін мәлім етті. Басты мақсат ынтымақтастықты дамыту екенін, Куәйт Қазақстанды сенімді әріптесі деп білетінін жеткізді.

Кездесуде Ислам конференциясы аясында парламентаралық байланысты дамытудың маңыздылығы айтылды.

Бұл кездесуге Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов, Жексенбай Дүйсебаев және Мұрат Ахмәдиев қатысты.