Қазақстан мен Қырғызстан арасында автомобильмен жүк тасымалдау 42% өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы автомобильмен жүк тасымалдау көлемі 42%-ға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Қырғызстан арасында автомобильмен жүк тасымалдау 42% өсті

«2003 жылдың 25 желтоқсанында Астана қаласында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы үкіметаралық келісім жасалған болатын. Сол келісімнің аясында биыл 5-6 қараша күндері Автомобиль көлігі мәселелері бойынша Қазақстан-Қырғызстан аралас комиссиясының кезекті отырысы өтті», - делінген хабарламада.

Онда тараптар жолаушылар мен жүк тасымалдары мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы жүк тасымалдарының көлемі туралы ақпаратпен алмасты және биыл екі ел арасында жүк тасымалдары көлемі ұлғаюының оң динамикасын атап өтті.

2018 жылдың 8 айының қортындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасында автомобиль көлігімен жүк тасымалдары көлемі 42%-ға өсті, яғни 1 040,8 мың тоннаны құрады. Автомобиль көлігімен тасымалданатын негізгі жүктер өсімдік сипаттағы өнімдер, дайын тамақ өнімдері, халық тұтынатын тауарлар, құрылыс тауарлары және т.б.

Келіссөздер барысында 500 үшінші елдерге/елдерден және 30 жолаушылардың тұрақсыз тасымалдарына рұқсат бланкілері көлемінде 2019 жылға квота белгіленді.

Сонымен қатар, тараптар «Бішкек-Ташкент» транзиттік жолаушылар маршрутының қозғалыс кестесін қайта қарауға келісті.

Отырыс қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылды.