Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Одақтастық туралы шартқа өзгерістер енгізілген хаттама талқыланды

АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы 2003 жылғы 25 желтоқсандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға екі елдің Мемлекет басшылары 2008 жылдың сәуірінде қол қойған. Хаттаманы қабылдау бірқатар маңызды себептерге негізделеді. «Біріншіден, осы шарттың 12-бабында құжаттың ажырамас бөлігі болып табылатын Экономикалық ықпалдастық жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдау көзделген. Алайда, шарт күшінің мерзімі шектеусіз болса, ал ықпалдастық жоспары бар болғаны 2004-2007 жылдарға арналған болып отыр. Бұл ретте алдағы уақытта осындай жоспарлар мерзімін ұзарту үшін оны қайта-қайта қабылдауға тура келеді. Екіншіден, Экономикалық ықпалдастық жөніндегі іс-қимыл жоспарының бұрынғы атауы екіжақты ынтымақтастықтың шын мәніндегі деңгейіне сәйкес емес. Қазіргі таңда Қазақстан мен қырғыз елі арасында әлі де атқарылатын әлеуеттер жеткілікті, яғни толыққанды ықпалдастық жөнінде мәлімдеме жасауға да ертерек. Сондықтан да, хаттамада құжат атауы өзгертіледі», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев.

Комитет мүшелері құжатты палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар