Қазақстан мен Қырғызстан бірлескен инвестициялық жобаларға арналған инвестициялық қорды іске қосу мәселесін жеделдетпек

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстан мен Қырғызстан бірлескен инвестициялық жобаларға арналған Қазақ-қырғыз инвестициялық қорын іске қосу мәселесін жеделдетпек.

Қазақстан мен Қырғызстан бірлескен инвестициялық жобаларға арналған инвестициялық қорды іске қосу мәселесін жеделдетпек
Бұл туралы бүгін екі елдің үкіметаралық кеңесінің бірінші отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Қырғызстан Премьер-Министрі Игорь Чудинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. И. Чудинов келіссөздер барысында сауда, көлік, коммуникация, ауыл шаруашылығы, су энергетикасы, суды пайдалану, туризм мәселелері қаралғанын айтып өтті. «Қырғызстан Республикасы үшін Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту өте жоғары маңызға ие. 2008 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 600 миллион АҚШ долларына жуық қаржыны құрады», -деді ол. Қырғызстан инвестициялық тартымды ел ретінде қалыптасып отырғанына тоқталған И. Чудинов, «егер 2006 жылы Қазақстан инвесторларының біздің елдің экономикасына салған инвестициясы 50 миллион АҚШ долларын құраса, ал 2008 жылы бұл көрсеткіш 333 миллион АҚШ долларына жетті. Қырғызстан осы орайда Қазақстан бизнесі үшін барынша жағдай жасауға тырысады. Бұл бағытта біз Қырғызстан аумағында бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақ-қырғыз инвестициялық қорын жеделдетіп іске қосу қажеттілігін атап өттік», деді.