Қазақстан мен Қырғызстан өңіраралық форум өткізуді жоспарлап отыр
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Бішкекке мемлекеттік сапармен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қырғызстанның бизнесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз сауда кедергілерін қысқарту бойынша шаралар қабылдауға уағдаласып, бизнес-кооперацияларды кеңейту мәселелеріне тыңғылықты тоқталдық. Бүгінде Қазақстанда қырғыз капиталының қатысуымен 1,1 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етуде ал Қырғызстанда жұмыс істеп жатқан қазақстандық компаниялардың саны 2 мыңға жуық», - деді Мемлеект басшысы.
Президент бұл көрсеткіштер бүгінде артып келе жатқанын атап өтті.
«Екі елдің іскерлік байланыстарын қолдау үшін кәсіпкерлер тұрақты негізде тікелей байланыстарды құруы тұрғысында бөлек алаңды құру туралы келістік. Осы орайда Қазақстан мен Қырғызстанның өңіраралық форумдарын өткізу тәжірибесін енгізу қолайлы нұсқалардың бірі болар еді. Бүгінгі кеңес барысында осындай ұсынысты ортаға тастадым. Екі ел үкіметтеріне бұл ұсынысты пысықтау бойынша тапсырма берілді. Күн тәртібінде инвестициялық өзара іс-қимыл ерекше орынды алып отыр. Бүгінде Қазақстан Қырғызстандағы ең ірі инвесторлардың бірі болып отыр. Тәуелсіздік жылдарында 1 млрд доллардан астам инвестиция салды. Қазақстандық инвесторлар көптеген маңызды салаларда қамтылғанын байқадық», - деді Қ. Тоқаев.