Қазақстан мен Қырғызстан отыз жылда 160-тан астам құжат бекіткен
АСТАНА. ҚазАқпарат – 15 қазанда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл 15 қазанда Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толуын атап өтеді. Осы 30 жылда біздің елдеріміз арасында 160-тан астам құжатқа қол қойылды, оның ішіндегі ең маңыздысы – 1994 жылғы 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы шарт және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Одақтастық қатынас туралы шарт», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.
Ресми өкілдің айтуынша, екіжақты байланыстың жай-күйі мен перспективалары екі елдің мемлекет басшылары, үкіметтері мен сыртқы саяси ведомстволары деңгейінде үнемі талқыланады.
«Біздің елдеріміз көптеген халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз өзара іс-қимыл жасайды. Қырғызстан біз үшін аймақтағы негізгі саяси және экономикалық серіктестердің бірі. Қазақстан өзара іс-қимылдың барлық аспектілері бойынша Қырғыз Республикасымен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ұмтылады», - деді А. Смадияров.