Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекара режимі туралы келісім қабылданды - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Енді Парламент қабылдаған құжат мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
None
None

Келісім 2006 жылғы 20 желтоқсанда Бейжің қаласында жасалған болатын. Бұл ретте құжат аумақтарға қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету, құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу, шекарадағы тосын оқиғаларды шешу жолдарын белгілеу мәселелерін қарастырады. Сонымен қатар, келісімде Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің шекара өкілдерінің өзара іс-қимыл тәртібін реттеуге бағытталған нормалар қамтылып отыр.

Бұдан басқа, құжат бойынша екі ел арасындағы мемлекеттік шекара сызығы мемлекеттік шекараның делимитациясы туралы келісіммен анықталғаны көрсетілген. Сонымен қоса, тараптар мемлекеттік шекараның демаркациясы туралы құжат күшіне енгеннен кейін он жылда бір рет мемлекеттік шекара сызығына бірлескен тексерулерді жүргізіп тұратын болады.

Тұтастай алғанда, келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға және екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады.

Соңғы жаңалықтар