Қазақстан мен Қытай электронды сауданы бірлесіп дамытады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қытай президенттерінің бірлескен мәлімдемесінде екіжақты саудаға қатысты маңызды міндеттер қойылып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мен Қытай электронды сауданы бірлесіп дамытады

Атап айтқанда, қаржыландыру мен инвестициялар саласында ұлттық валюталардың көлемі артатын болады. Бұдан бөлек, тараптар Қазақстанның Ұлттық банкі мен Қытайдың Халық банкі арасындағы "теңге/юань" валюталық свопы туралы келісімді ары қарай іске асыруға уағдаласты. Осы орайда қаржыландыру мен кепілдік берудің инновациялық әдістерін енгізу, сан алуан инвестициялық алаңдарды тиімді пайдалану, инвестициялар мен несиелерге комбинация жасау қажет. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай трансшекаралық электронды сауда саласында өзара ынтымақтастықты күшейтуге келісті. Аталған салада бірлесіп әрекет ету тетіктері әзірленуі шарт. Ал цифрлық экономиканы дамытуға арналған екі елдің бағдарламаларын өзара үндестіру жоспарланған.

"Екі елдің басшылары "Астана" Халықаралық қаржы орталығын іске қосу бастамасын, сондай-ақ, "Астана" Халықаралық қаржы орталығы, Жібек жолы қоры мен Қытай-Еуразия экономикалық ынтымақтастық қоры арасындағы стратегиялық байланысты дамытуды қолдайды. Алдағы уақытта Жібек жолы қоры "Астана" ХҚО биржа акционерлері құрамына кіруі мүмкін. Халықаралық қаржы орталығы мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен арадағы ынтымақтастығы күшейетін болады", - делінген бірлескен мәлімдемеде.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға жасаған ресми сапары барысында екі елдің басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойған болатын. БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елбасы ұлттық валютамен сауда-саттық жүргізу не үшін қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Президент қытайлық бизнесмендерге «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы жайында айтып берді.