Қазақстан мен Қытай мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе алмасуға уағдаласты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Цюаньчжоу қаласында БРИКС ауқымында мемлекеттік басқару бойынша «Тағдыры ортақ ғаламдық қауымдастықты құру: ашықтық пен жұмылдыру, өзара тиімді нәтижелер» атты семинар өтті.
Онда әлемнің әлемнің 13 елінен келген 100-ден астам үкімет өкілдері мен сарапшылар бас қосты. Шара барысында Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб пен Қытайдың мемлекеттік басқару академиясы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семинар елдердің жалпы дамуы мен ынтымақтастық аясын кеңейтуге зияткерлік қолдау көрсету мақсатында өткізілді. Оның ашылу салтанатында Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменов сөз сөйледі.
«Кез келген инновация, әлемнің қай түкпірінде шықса да, ол - адамзатқа ортақ игілік, әлемнің де дамуына қызмет етуі тиіс. Барлығының ашық, инновациялық және жан-жақты дамуы идеясы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарында да көрініс тапқан», - деп атап өтті Әлихан Бәйменов.
Оның айтуынша, тағдыры ортақ жаһандық қауымдастық құру тұжырымдамасы мен даму мақсаттарын жүзеге асыруда прогресс көбіне басқару институттары тиімділігіне тәуелді.
«Тең теңімен» қағидаты бойынша тәжірибе алмасу, ортақ зерттеулер жасау, сондай-ақ, әріптестікті дамыту үкіметтің мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру бойынша үкіметтердің ұмтылыстарына серпін береді. Сондықтан, Қазақстан үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасы Астанадағы Өңірлік хабты құру бастамасын көтерді», - деді ол.
Қазіргі таңда Хабта Америка, ЕО, ТМД, Кавказ және АСЕАН елдерін қоса алғанда 38 қатысушы мемлекет бар. Қытай - Хабтың құрылтайшыларының әрі белсенді қатысушыларының бірі.
Семинар ауқымында Хаб пен әлемдегі мемлекеттік басқару саласындағы ірі білім және ғылыми зерттеу институттарының бірі - Қытайдың мемлекеттік басқару академиясы арасында меморандумға қол қойылды. Бұл - екі ұйым ынтымақтастығының жаңа кезеңге шығуының бастауы.
Академияның атқарушы вице-президенті (вице-министр) Ма Дзентан Академияның мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе және білім алмасудың маңызды халықаралық орталығы саналатын Астана хабымен әріптестікті тереңдету және кеңейту бойынша ықыласын жеткізді.
Мемлекеттік басқару бойынша бұл семинар БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, ОАР) елдері басшыларының биыл қыркүйекте Сямэньде өтетін кездесуі қарсаңында өткізілді.