Қазақстан мен Қытай президенттері жаңа контейнерлік бағытты ашты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Ляньюньган теңіз порты және «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы арасындағы контейнерлік қызметті іске қосты. Аталған жоба Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын үндестірудің тағы бір айқын көрінісі болса керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін екі өте маңызды жоба іске асып отыр. Ляньюнгань портынан алғаш рет Орталық Азия арқылы Түркияға, ал «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағынан Қытайдың Ченду қаласына контейнерлік бағыттар ашылып отыр. Аталған жобалар Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын үндестірудің айқын дәлелі бола алады. Біздің жоспарымызға сәйкес, 2020 жылға дейін контейнерлік тасымалдың көлемі 2 млн-ға жетуі тиіс. Осының арқасында екі елдің экономикалық дамуы арта түседі», - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин аталған жоба көліктік-логистикалық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын қадап айтты.
«Қазақстан теңізге шығу мүмкіндігін алып отыр, осы орайда Еуразиялық кеңістікте логистикалық орталыққа айналуда. Бұл тұрғыда елдеріңіз Шығыс пен Батыс арасындағы сауда тізбегінде маңызды рөлге ие болды. Осы жетістікпен барлық қазақстандық достарымды шын жүрегімнен құттықтаймын. Қытай мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық тасымал ынтымақтастығын тереңдету барша өңірді дамытуда қуатты ынталандырушы күш болып отыр. Бұл бағыттағы өзара іс-қимылдарды жалғастыруға мүдделіміз»,-деді Си Цзиньпин.
Осыдан кейін Қазақстан мен Қытайдың президенттері телекөпір арқылы екі жақтан контейнерлік поездарды жіберуге рұқсат берді. Бүгіннен бастап, Ляньюнгань портынан шығатын контейнерлік пойыздар Қазақстан арқылы Орталық Азия елдері мен Түркияның Стамбул қаласына қатынайды. Тильбург (Германия) - Ченду (ҚХР) мен Ташкент - Ченду арасындағы жүктер де Алтынкөл станциясымен өтеді. Жаңа транзиттік бағыт арқылы «COSCO Shipping» компаниясы бұған дейін теңізбен тасымалдап жүрген контейнерлерін Орталық Азияға құрлықпен жеткізетін болады.
Айта кеткен жөн, 21 мамырда Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу - бір жол» форумы аясында Ляньюнгань порты, COSCO Shipping пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын бірлесіп дамыту туралы меморандумға қол қойған болатын.