Қазақстан мен Қытай шекарасында контрабандалық зергерлік бұйымдарды өткізбекші болған қазақстандық азаматша ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық шекарашылар қазақстандық-қытайлық шекарада контрабандалық зергерлік бұйымдардың өткізу әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Қазақстан мен Қытай шекарасында контрабандалық зергерлік бұйымдарды өткізбекші болған қазақстандық азаматша ұсталды

Мақаншы шекара жасағының «Бақты» өткізу бекетіндегі шекарашылар зергерлік бұйымдарды өткізбекші болған Қазақстанның 33 жастағы азаматшасын ұстады. Қол жүгін тексеру кезінде жалпы салмағы 400-ге жуық грамды құраған 925-ші және 585-ші сынамалы мойын алқалары, сақиналар, сырғалар анықталып, тәркіленді.

Әйелдің анықталған жүкті тасымалдауға рұқсат беретін құжаттары болмады. Ол өз әрекеттерін бұйымдарды жеке пайдалану, сыйлыққа тарту үшін өткізгенімен түсіндіріп отыр.

Осы іс бойынша материалдар Үржар аудандық прокуратурасына жіберілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.