Қазақстан мен Мальдив аралдары арасындағы әуе рейстерінің саны екі есе артады

АСТАНА. KAZINFORM — Монреаль қаласында (Канада) өткен ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Мальдив Республикасы Азаматтық авиация басқармасының төрағасы Абдул Харис мырзаның кездесуі өтті.

Иранның оңтүстігіндегі әуежайда әуе қатынасы қайта жанданды
Фото: pexels

Кездесу барысында екі ел арасындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту, әуе қатынасы мен туристік байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланды.

ҚР Азаматтық авиация комитеті мәліметіне сәйкес келіссөз қорытындысы бойынша әр тараптың тағайындалған әуе тасымалдаушылары үшін рұқсат етілген тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан мен Мальдив аралдары елдер арасындағы әуе рейстерінің санын екі есеге арттыруға келісті
Фото: ҚР Азаматтық авиация комитеті

Тараптар сондай-ақ «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежелі құқықтарын пайдалана отырып ұшуларды орындау мүмкіндігін талқылады, бұл әуе компанияларына халықаралық бағыттарды ұйымдастыру кезінде қосымша коммерциялық мүмкіндіктерді қарастыруға жол ашады. Мальдив аралдары қазақстандықтар арасында танымал демалыс бағыттарының бірі болып саналады, бұл өз кезегінде әуе қатынасын дамытуға қосымша алғышарттар жасайды.

Қазақстан мен Мальдив аралдары елдер арасындағы әуе рейстерінің санын екі есеге арттыруға келісті
Фото: ҚР Азаматтық авиация комитеті

Тараптар азаматтық авиация саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделіліктерін растады.

Мальдив аралдары туристік декларацияны толтыру тәртібін өзгерткенін жазған едік.