Қазақстан мен Мальта қай салаларда ынтымақтастықты арттырады

Мальта
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы – Мальтаның Сыртқы, еуропалық істер және сауда министрі Иэн Борч алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен келді. Сапар аясында ол ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөз жүргізді.

«Біздің еліміз елеулі демократиялық жетістіктерге жетіп, Әділетті Қазақстанды құрудың саралы жолында. Бүгінгі сапарды Президент Қ.Тоқаев бастаған іргелі саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларды қолдауының жарқын белгісі деп санаймыз. Тұғыры бекем, экономикасы қуатты, халықаралық сахнадағы беделі кеңінен мойындалған Мальта Еуропалық одақтағы Қазақстанның маңызды әрі сенімді серіктесі. Осыдан 31 жыл бұрын елдеріміз арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Соңғы кезде Астана мен Валлеттаның саяси диалогы екпінді түрде дамып келеді», - деді Мұрат Нұртілеуов кездесу қорытындысы бойынша өткен брифингте.

Қазақстандық министр екі елдің экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының да болашағы зор екенін атап өтті. Өткен жылдары Қазақстан-Мальта тауар айналымы 250 млн доллар болған. 

Мальта
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Сауда-экономикалық әлеуетімізді толық пайдалану мақсатында, министр Борчпен туризм, өңдеу, жер қойнауын барлау, теңіз логистикасы сияқты перспективалы секторлар бойынша жұмысты жандандыруды уағдаластық. Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық Одақтың визалық режимін жеңілдету мәселесіне бөлек тоқталдық. Біздің ойымызша, оның оң шешілуі сан қырлы баланыстардың белсенді дамуына зор септігін тигізер еді», - дейді М.Нұртілеу.

Сонымен бірге, тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасқан.

«Жалпы, көптеген халықаралық мәселелер бойынша елдеріміздің ұстанымдары жақын немесе ұқсас. Биыл еліміздің бірқатар ірі халықаралық ұйымдарға төрағалығы барысын ортаға салдық. Хельсинки қорытынды актісі қабылданғанына 50 жылдығы қарсаңында, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының рөлі мен беделін арттыру жолдарын қарастырдық», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.

Соңғы жаңалықтар