Қазақстан мен Мажарстан арасында сотталған адамдарды беру туралы шарт қабылданды - Парламент

Келісім уағдаласушы тараптардың сотталған азаматтарын өздері азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын одан әрі өтеу үшін беру мәселелерін реттеуге бағытталады. Соның ішінде тұлғаларды беруде ол сол елдің азаматы болуы және оған жасалған үкім нақты күшіне енген болуы шарт. Егер уағдаласушы тараптардың бірі ондай ұстап беру ел егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке залалын тигізеді деп санайтын болса, онда ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.
«Шарт Мажарстан соттары бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматтарын және Қазақстан Республикасының соттары бас бостандығынан айыруға соттаған Мажарстан азаматтарын бұдан әрі жазасын өз Отандарында өтеу мәселесін регламенттейді. Егер де тараптардың біреуі сотталған адамды еліне қайтару туралы шешім сол елдің ұлттық заңнамасына қайшы болып, қоғамдық тәртібіне залалын тигізетінін алға тартса, онда сотталған адамдарды беруден бас тартылуы мүмкін», - дейді ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель. Заң жағымсыз әлеуметтік-экономикалық салдарға соқтырмайды.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.