Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 350 млн долларға жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 350 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 350 млн долларға жетті

«Мен биылғы жыл біздің екі елдің сауда-экономикалық серіктестігі тұрғысында өте табысты болғанын атап өткім келеді. 2017 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша, біз өзара тауар айналымын еселеп, 350 миллион АҚШ долларлық көрсеткішке жеткізіп отырмыз. Сондықтан, 2017 жылдың соңына қарай бұдан да жақсы нәтижеген жетеміз деген үміттеміз», - дейді ол Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

2016 жылдың статистикалық көрсеткіштеріне сәйкес, Қазақстанның тауар айналымының өсімі тұрғысынан көрсеткіші 16 пайызға - 188 млн АҚШ долларына жеткен бірден-бір экономикалық серіктесі - Мажарстан болған.

Айта кетсек, өтіп бара жатқан 2017 жыл екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беріп отыр. Мажарстан «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне де белсенді қатысып, жасыл технологиялар саласындағы жаңа жетістіктерін ұсынған еді. Таңдалған тақырыпты ашуда Мажарстан екінші орынға ие болды. Көрменің өту барысында мажарлық павильонға 300 мыңға жуық адам келген.