Қазақстан мен Мажарстан ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашады

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада Будапештте «Қазақстан – Мажарстан: сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа үрдістері» атты «дөңгелек үстел» өтті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қазақстан мен Мажарстан ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашады
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Іс-шараны Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі «Kazakh Invest» компаниясымен бірлесіп, HEPA (Мажарстан экспортын ынталандыру агенттігі) және Мажарстанның өнеркәсіп және сауда палатасының қолдауымен ұйымдастырды.

«Kazakh Invest» өкілдігінің хабарлауынша, іс-шараға 70-тен астам қатысушы, оның ішінде Қазақстан мен Мажарстандан мемлекеттік органдардың өкілдері, жетекші компаниялар мен сарапшылар қатысқан.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 19-20 қарашадағы Мажарстанға мемлекеттік сапарынан кейін басталған оң динамиканың маңызды жалғасы болды.

Естеріңізге сала кетейік, сапар барысында ағымдағы жылдың 20 қарашасында Мемлекет басшысы Мажарстанлық жетекші компаниялар басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өткізген болатын. Бизнес өкілдері Қазақстан Республикасының Президентімен кездесудің маңыздылығын, оның табысы мен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

Бұл шараның басты мақсаты Қазақстан мен Мажарстан арасындағы іскерлік байланысты нығайту, перспективалық жобаларды талқылау және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын анықтау болды.

Іс-шара барысында инфрақұрылым мен логистиканы дамыту, аграрлық сектордағы бірлескен жобалар, атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық, білім беру мен цифрлық трансформациядағы жаңа мүмкіндіктер және басқа да салалардағы негізгі мәселелер талқыланды.

Спикерлер MOL Group, UBM Group, L.A.C. Holding, Elitmag, Alfaseed, MVM Group және I-Cell секілді қазірдің өзінде Қазақстанмен әртүрлі салаларда белсенді ынтымақтастықта болған Мажарстан компанияларының табысты қызметін ерекше атап өтті. Олардың жобалары энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, цифрлық трансформация және жаңартылатын энергияны қамтиды, бұл елдер арасындағы тиімді ынтымақтастықтың үлгісі болып табылады.
Мажарстандық компаниялар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, инновацияларды енгізуге және Қазақстанда бірлескен өндіріс орындарын құруға дайын екендіктерін білдірді.
Сондай-ақ, екі елдің бизнес өкілдері арасындағы диалогты нығайту екі жаққа да тиімді жобаларды жүзеге асырудың жаңа көкжиектерін ашатыны айтылды.

– Біздің елдерімізді күшті экономика мен мәдениет байланыстырады. Бүгінгі шара өзара ынтымақтастықты нығайту, жаңа инвестициялық жобаларды құру және стратегиялық серіктестікті дамыту жолындағы маңызды қадам болды, – деді Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы.

Мажарстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Кандракс Чаба Қазақстан Мажарстанның Орталық Азиядағы ең белсенді және құнды серіктестерінің біріне айналғанын атап өтті.

– Біздің табысты ынтымақтастығымыз екі негізгі факторға негізделген: өткенге ортақ құрмет пен болашаққа деген біртұтас ниет. Қазақстан инновациялар, тұрақты даму және қаржылық технологиялар саласында таңғаларлық деңгейде алға жылжуда, бұл біздің болашақ серіктестігіміз үшін берік негіз бола алады, – деді ол.

Соңғы жаңалықтар