Қазақстан мен Мысыр мыңжылдықтар мақсатына табысты қол жеткізу үшін ынтымақтаспақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Мысыр мыңжылдықтар мақсатына табысты қол жеткізу үшін ынтымақтаса жұмыс істемек. Бұл жайында Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабпен өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімі барысында Оңтүстік-Оңтүстік даму жөніндегі Мысыр академиясының жобалық директоры Мохамед Аль Ессауи мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан мен Мысыр өңірлік даму тұрғысында жеке-жеке көп іс тындыруда. Ал ендігі уақытта біз бірлесе отырып, «Оңтүстік-Оңтүстік» бағытын дамытуда үлкен жоспарларды жүзеге асыруға қол жеткізетін боламыз. Хаб пен Академияның бірлескен жұмысы қоғамдық дамытуға және Мыңжылдықтар мақсатына қол жеткізу тұрғысында әлемді жақсарта түсуге септігін тигізеді», - деді ол.
Мохамед Аль Ессауидің атап өтуінше, Астана өңілік хабы мен Мысыр Оңтүстік-Оңтүстік даму жөніндегі академиясы үздік тәжірибелерін бір-бірімен алмасатын болады.
Айта кетерлігі, өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумына Қазақстан тарапынан Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов қол қойған болатын.
«Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы» термині дамушы елдер арасындағы ынтымақтастықты белгілеу үшін қолданылады.