Қазақстан мен Нидерланды арасындағы сауда серіктестігі 160 млн еуромен нығаяды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Нидерланд Корольдігіне жұмыс сапары аясында Қазақстан–Нидерланд бизнес-форумы өтті. Форум қорытындысы бойынша келісімдерге қол қойылып, жалпы сомасы 160 млн еуроны құрайтын бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан мен Нидерланды арасындағы сауда серіктестігі 160 млн еуромен нығаяды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Форум GreenTech Amsterdam 2026 халықаралық көрмесінің алаңында өтті және Қазақстанның Нидерландтағы сауда-экономикалық миссиясының негізгі іс-шарасына айналды. Көрмеге әлемнің 40-тан астамелінен 500-ден астам компания мен ұйым қатысты, ал келушілер әлемнің 120 елінен келді.

Қазақстан мен Нидерланды арасындағы сауда серіктестігі 160 млн еуромен нығаяды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

2025 жылғы алдыңғы көрмеде 41 елден 550 экспонент ұсынылып, келушілер әлемнің 120 елінен келген болатын.

— Көрмедегі Қазақстанның ерекше мәртебесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің GreenTech Amsterdam 2026 ресми ашылу салтанатына қатысуымен айқындалды. Көрменің ашылуында шетелдік қатысушылар арасынан Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің министрлері ғана құттықтау сөз сөйледі. Бұл екі елдің агроөнеркәсіптік кешен мен агротехнологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлінің жоғары бағаланатынын көрсетеді, — делінген хабарламада.

Нидерланд Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып қалабереді. 2026 жылғы қаңтар–ақпан қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,9%-ға ұлғайып, 970 млн АҚШ долларына жетті. Қазақстандық экспорт 930,4 млн АҚШ долларын құрап, 65% өсім көрсетті.

Қазақстан мен Нидерланды арасындағы сауда серіктестігі 160 млн еуромен нығаяды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

— Бүгінгі уағдаластықтар екі ел бизнесінің өзара қызығушылығының жоғары деңгейін растайды. Қазақстан еуропалық нарықтарға сапалы өнім жеткізуді кеңейтуге және нидерландтық серіктестердің қатысуымен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын, — деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Бизнес-форумға агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі және логистика салаларындағы қазақстандық компаниялар қатысты. Қатысушылар отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін таныстырып, нидерландтық серіктестерімен бірқатар B2B кездесулер өткізді.

Сапар аясында қазақстандық делегация Нидерландтың жетекші мемлекеттік және салалық ұйымдарымен келіссөздер жүргізді. Негізгі тақырыптардың бірі мемлекет пен аккредиттелген салалық ұйымдардың өзара іс-қимылына негізделген инспекциялық бақылаудың нидерландтық моделін зерделеу болды. Мұндай модель өнім қауіпсіздігінің жоғары деңгейін және экспорттық рәсімдердің жеделдігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан мен Нидерланды арасындағы сауда серіктестігі 160 млн еуромен нығаяды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Naktuinbouw ұйымының басшылығымен тұқым шаруашылығы, сертификаттау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар сондай-ақ өнімнің қадағалануын қамтамасыз етудің заманауи жүйелерін енгізу бойынша тәжірибе алмасу және өнімнің халықаралық талаптарға сәйкестігін растау мүмкіндіктерін қарастырды, бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту үшін маңызды мәнге ие.

— Келіссөздердің жеке блогы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналды. Роттердам портына бару барысында тараптар халықаралық тасымалдар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, қазақстандық өнімді еуропалық логистикалық тізбектерге интеграциялау және отандық экспортты ілгерілету үшін Еуропадағы ең ірі теңіз хабының әлеуетін пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды, — деп хабарлады ведомстводан.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назараударды. Оның жаһандық логистикалық тізбектердің трансформациясы жағдайында Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты және қауіпсіз жүк тасымалын қамтамасыз етудегі рөлінің артып келе жатқанын айтты.

Damen Shipyards Group компаниясымен кеме жасау саласындағы өнеркәсіптік кооперация мен ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша технологияларды тарту, өндірісті жергіліктендіру және кадрлық әлеуетті дамыту арқылы Маңғыстау облысында кеме жасау және кеме жөндеу кластерін құру жөніндегі жобаны іске асыруға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Axia Seeds және DENSO AgriTech Solutions компанияларымен заманауи агротехнологияларды енгізуге, тұқым шаруашылығын дамытуға және жылыжай шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған кездесулер өтті.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілігін растады. Өзара іс-қимылдың басым бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, логистика, стратегиялық маңызды минералдық ресурстар, инновациялық технологиялар және халықаралық сауда айқындалды.

Бұған дейін Қазақстан мен Нидерланд арасындағы сауда 6,3 млрд долларға жеткенін жаздық.