Қазақстан мен Норвегия арасындағы тауар айналымы 37%-ға өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Қазақстан-Норвегия іскерлік кеңесінің екінші отырысы басталды. Онда екі елдің мемлекеттік құрылымдары, бизнес, даму институттары мен компанияларының өкілдері бас қосып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық перспективаларын талқылап жатыр.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқармасының төрағасы Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығайып келеді. 2025 жылы Қазақстан мен Норвегия арасындағы өзара сауда көлемі 37%-ға өсіп, шамамен 170 миллион доллар болды.
— Бұл көрсеткіштер тауар ағынының кеңейгенін, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары пайда болғанын және ең бастысы — Норвегия мен Қазақстан кәсіпкерлері арасындағы сенімнің қалыптасып жатқанын көрсетеді, — деді Мұрат Қарымсақов.
Өз сөзінде спикер Қазақстанның «жасыл» трансформация, цифрландыру және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанға заманауи технологиялар саласындағы норвегиялық тәжірибе ерекше маңызды.
Сыртқы сауда палатасы басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы, балық өнімдерін өңдеу, айналым экономикасы, көлік және логистика салалары ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары саналып отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанда Optimar, Eksfin, Cambi, Gexcon, Mill, AkvaGroup, Jotun және Vester секілді 18 норвегиялық компания тіркелген. М. Қарымсақовтың айтуынша, олардың көпшілігі келіссөздерден нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезеңіне өткен. Мысал ретінде ол қазақстандық Organic Fish компаниясы мен норвегиялық Optimar компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын айтты.
Кездесуде көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударылды. Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, Қазақстан Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтардың бірі болып қала береді.
— Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлық транзитінің 70%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Біз бірлесіп мультимодальды дәліздер құрып, жеткізу тізбектерін нығайтып, өндірістен бастап түпкі тұтынушыға дейінгі барлық кезеңде қосымша құн қалыптастыра аламыз, — деді ол.
Сонымен бірге, қатысушыларға бизнесті қолдау шаралары мен инвестиция тартуға арналған цифрлық құралдар таныстырылды. Атап айтқанда, Қазақстанда «Қазір және осында» платформасы жұмыс істейді. Онда жалпы құны шамамен 130 миллиард доллар болатын 1600-ден астам жоба ұсынылған.
Айта кетейік, Шенген аймағы елдерінде автоматтандырылған кіру-шығу жүйесі енгізілді және кіру талаптары өзгерді.