Қазақстан мен Норвегия арасындағы реадмиссия туралы келісім қабылданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігі Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Қазақстан мен Норвегия арасындағы  реадмиссия туралы келісім қабылданды

Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, келісімге 2010 жылдың 12 қазанында Осло қаласында Қазақстан мен Норвегия сыртқы істер министрлері қол қойған.

«Құжат Қазақстан мен Норвегия елдерінің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визаның рұқсат мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады. Тұтастай алғанда, келісім заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елдің аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды, сондай-ақ олардың транзитін жеңілдетеді», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қ. Қасымов.

Оның айтуынша, заңды қабылдау заңсыз көші-қонмен күресті күшейтіп, тұлғалардың транзитін жеңілдетеді. Құжат теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды. Сондай-ақ, заңды қабылдау қосымша қаражатты талап етпейді.